ҚАЗАҚША / РУССКИЙ / ENGLISH
Негізгі
"Ұшқан ұя" – ұлттық шығарма

24 желтоқсанда тех.кешенінің 2.1.-301 мәжіліс залында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің Кітапханалық - ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторы және Филология және журналистика кафедрасының доценті Балзия Баешованың «Көзайым» әдеби-шығармашыл жастар үйірмесі "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында және «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы қазақ халқының аты аңызға айналған біртуар ұлы перзенті, Кеңес одағының батыры, әйгілі жазушы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының  шығармаларын жастарға насихаттау мақсатында "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерімен кездесу кешін өткізді.
Биылғы 2018 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясына таңдалып алынған ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, түрколог - ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі  таңдалып алынды.
Аталған іс-шараны Кітапханалық - ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Жеңісбекқызы Иржанова ашып, «Бір ер - бір кітап» акциясының тарихына тоқталып өтті.
Кеш жүргізушісі журналистика мамандығының 1-курс студенті Гүлжауһар Бажақай Бауыржан Момышұлының өмірі мен қайсар ерлігіне тоқталып,  сөз кезегін "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Аманбайұлы Найзабаевқа берді. Өз кезегінде Әлімбай Аманбайұлы ақын-жауынгер Бауыржан Момышұлының соғыс даласындағы ерен ерліктері туралы кең де көлемді әңгіме қозғады. "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері  батырдың 1944 жылы түсірілген жаңа жылдық құттықтау хатын оқып отырған жанды дауысы мен панфиловшылардың ерлігі туралы баяндап отырған жанды бейнесін кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архивінен тапқандығы туралы айтып, оларды көрсетті. Жазушы Александр Бекпен бірге жазған әскери майдан даласындағы ерліктері туралы романның қалай жазылғандығын да тілге тиек етті. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлының өз қолымен жазған қолжазбалық блокнотының табылғандығы туралы, оның облыстық мұрағатқа өтіп кеткендігі туралы да сөз қозғады. Бүгінгі күнде ол блокноттың ғылыми-зерттеу орталығына қайта келгендігі көпшілікті  қуантатындығы да ақиқат және Жамбыл облысының «Знамя труда» газетінде Бауыржан Момышұлының өз қолымен жазған қолжазбаларын оқи алатынымызды айтты, блокноттың тысын жастарға көрсетті. Бауыржан Момышұлының Мәскеудің әскери кафедрасында бірнеше лекция оқығандығын да отырғандарға мәлімдеді. Батырдың лекцияларын сол мәскеуліктер алып отырған, сол лекциялар сол Мәскеудегі мұрағатта сақтаулы тұр. Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі студент жастарға «Ұшқан ұя» повесінің жазылу тарихы жайлы да айтып берді: «Бұл туынды қазақ халқының XX ғасырдағы бітім-болмысын, салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін дәл ашып береді. Батырдың балалық шағы, сол кездегі тұрмыс, салт-санамыз тамаша бейнеленеді.
Келесі кезекте Бауыржан Момышұлының қаламынан шыққан қанатты сөздерді «Көзайым» әдеби-шығармашыл жастар үйірмесінің мүшесі, журналистика мамандығының 1-курс студенті Гүлнұр Бекбай оқыды. Сонымен бірге Аружан Тынышбай «Арман жар», Ақмаржан Жұман «Біреулерге», Абылайхан Кеңесов «Ескертпе», Айнұр Жұмабай «Ана тілі», Балнұр Жошыбаева «Қайран сегіз» атты Бауыржан Момышұлының өлеңдерін оқыды.
Іс-шара барысында Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Аяулым Жаманқара Б.Момышұлының тіл туралы айтқандарын, бүгінгі күнмен салыстырды, филология мамандығының 4-курс студенті Назерке Исыраилова Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың  Б.Момышұлының өмір жолын шынайы фактілер аясында  жазған «Ақиқат пен аңыз»  роман-диалогы туралы өз пікірін қосты, ал журналистика мамандығының 2-курс студенті Қожағұлов Асқар М.Мақатаевтын Бауыржан Момышұлына арналған арнауын мәнерлеп оқып, қонақтарды ерекше күйге бөледі.
Бауыржан Момышұлына арналған кеш слайдпен сүйемелденді. Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Кабазова «Дана да дара тұлға – Бауыржан Момышұлы» атты кітап көрмесімен танысуды ұсынды.
Кеш соңында кездесуге келген қонағымыз, «Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Аманбайұлы Найзабаев және іс-шараға белсене атсалысқан студенттер  ректордың алғыс хатымен марапатталды. Кітапхана мамандарымен бірге Әлімбай Аманбайұлы барша оқырман қауымды Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқуға шақырды.



 

© 2013 Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасының ресми сайты
Барлық құқықтар қорғаулы

Байланыс:
Қазақстан Республикасы,
Тараз қ., Төле би көш., 60
тел:8 (7262) 45 74 33
факс:8 (7262) 43 24 02
targubibl@tarsu.kz