Тарихы

Тарих-өткеннің сабағы, алдағының кейінге өнегесі
«Мәртебелі  болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз жөн»
Н.Назарбаев

1958-1998 жылдар хроникасы
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Кітапханлық-ақпараттық орталығының (ғылыми кітапхана) тарихы сонау 1958 жылдан, Қазақ химия - технологиялық институның Жамбылдағы филиалының кітапханасы ретінде басталып, 3 кітапханашы, 2900 дана кітап қорымен жұмыс атқарған. Оқырман саны – 400, оқытушылар –100, қызметкерлер –25 болды. 1958 жылы оқырмандар  сұранысын қамтамасыз ету мақсатында оқу залынан кітапханааралық абонемент (КАА) қызметі ұйымдастырылып, институт Мәскеу, Ленинград, Рига, Алматы, Фрунзе, Киев қалаларының кітапханаларымен келісім-шартқа отырды. 1959-1963 жылдар аралығында 43 оқытушының 400 тапсырысы орындалды.
1962 жылы Жамбыл су мелоративті құрылыс институты құрылып, оның кітапхана қоры Қазақстан ауылшаруашылық институты сыйға тартылған кітаптармен 9000-нан асты. Кітапхананың алғашқы меңгерушісі Ольга Кузьминичина Горшенина еді.
1963 жылы Қазақ химия - технологиялық институты филиалынан өз алдына Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты болып құрылды. Кітапхананы Ариадна Игоревна Жукова 1963 жылдан 1986 жылдар аралығында басқарды. Кітапханашылар саны 5 адамға көбейіп, кітап қоры 22 866 данаға көбейді. Осы жылы 13 адамнан  тұратын кітапхана кеңесі құрылып, оның құрамына кітап сүйер қауым және ерікті кітапхана көмекшілері енді.
1967 жылы сол кездегі Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының кітапханасында ақпараттық – библиографиялық,   кітап қорын толықтыру  және өңдеу бөлімдері ашылып, кітапхана ғылыми оқу жүйесінде қызмет көрсетуін жалғастырды.
1968 жылы кітапхана жаңа оқу корпусына көшірілді де, кітап қоры 200 000 данаға жетіп, білімгерлерге көркем және саяси-қоғамдық әдебиеттер қорын ашық пайдалануына мүмкіндік берілді.
1970 жылы Жамбыл су - мелиоративті құрылыс институтуының кітапханасы жаңа жатақхана корпусына көшіріліп, онда 2 оқу залы, абонемент және ғылыми кітаптар бөлімі ашылып, әртүрлі сала бойынша кітап қоры   213 271 данаға жетті.
1977 жылы кітапхана екі академиялық  топта «Оқу үлгерімін және кітапханадағы кітап оқу байланысын зерттеу» тақырыбында ғылыми сараптама жүргізді.
1980 жылғы қыркүйек айында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының кітапханасы Қазақ ССР жоғары және арнайы орта білім министрлігінің бұйрығы бойынша  Жамбыл қаласының жоғары және орта арнайы оқу орындарының негізгі әдістемелік орталығы болып тағайындалып,  жоғары, орта арнайы оқу орындарының 11 кітапханасына жетекшілік ететін екі секция жұмыс істеді.
1981 жылы ғылыми- әдістемелік бөлімі құрылып, Жамбыл қаласының жоғары және орта арнайы оқу орындарының кітапханаларына әдістемелік көмек көрсетуді, кітапханашылардың мамандығын жетілдіруді ұйымдастырды.
1982 жылы Жамбыл су-мелиоративтік құрылыс институтының кітапханасы жаңа соғылған «Ғылымдар  үйі» кешеніне көшіріліп, кітапхананың қызметтік каталогы ондық жүйеден «Кітапханалық-библиографиялық жүйеге» көшіріле басталды. Осы жылдары оқу, көркем, ғылыми әдебиеттер абонементтері ашылып, кітапханааралық абонемент және тәрбиелік секторлар жұмыс жасай бастады.
1982-1994 жылдар аралығында Күлпаш Әлімғазықызы Ибрайшина кітапхана меңгерушісі болды. Кітапхана ұжымы оқырмандарға ақпараттық, көпшілік жұмыстарды жетілдіру мақсатында білімгерлерге топтық әдіспен «Басшылыққа саралап қызмет көрсету», «Ақпаратпен іріктеп тарату» жүйелерінде қызмет етуді ұйымдастырды. Кітап қоры 379 000 данаға көбейді.
1985 жылы кітапханааралық абонемент секторы құрылып, онда жылына 400-500 оқырманға қызмет көрсетілді. Кітапханада кітап қорын «Кітапханалық-библиографиялық жүйеде» орналастыру жұмысы басталды және кітапхана қызметкерлері «Ақпарат, кітапхана және баспа ісі» бойынша стандарттар жүйесін оқып үйреніп, стандарттарды ендіру мақсатында техникалық-ұйымдастыру іс-шаралардың жоспарын жасады.
1986 жылы «Ғылымдар үйінен» институттың бас корпусына кітапхананың оқулық және ғылыми әдебиеттер абонементтері, библиографиялық, кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімдері көшіріліп, 120 орындық оқу залы ашылды.
1986 – 1996 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының кітапханасын Эмма Яковлевна Сидоренкобасқарды.
1987 жылы «Жас кітапханашылар мектебі» құрылып,  «Жас кітапханашылардың тәлімгер ұстазы» тақырыбында кітапханашылар конкурсы ұйымдастырылды. Кітапхананың жалпы қоры  373 860 дананы құрады.
1991 жылы кітапхана институттың профессор оқытушыларының 1970-1990 жылдардағы ғылыми жұмыстарына библиографиялық көрсеткіш шығарды.
1970 - 1997 жылдар аралығында  кітапхананың кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгеруші қызметін София Салимовна Нурсеитова атқарып, жемісті қызмет істеп, жас мамандарға үлгі-өнеге көрсете білді. Осы жылдары кітап қоры 354 596 данаға жетті.
Кітапхана жұмысының қалыптасуына, кітап қорын толықтыруға, қолдағы бар құндылықтарды жинақтап, жүйелеп, саралап әр жылдары оқырманға жеткізуге өз үлестерін қосып, абыройлы еңбек еткен кітапханашылар: А.А.Сагатилян, С.Б.Жанабаева, Т.Куренкеева, М.А.Берденова, А.А.Абдрахманова, Р.А.Югай, Т.С.Измайлова және т.б.
Кітапхана  дамуының шарықтау кезеңі
«Адам баласының қолымен жасалғанның бәрі –
уақыт пен төзімнің жемісі!»
О.Бальзак
1998-2013 жылдар хроникасы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы наурыз айының 24 жұлдызындағы №256 Қаулысымен облыс орталығындағы үш жоғары оқу орны Жамбыл университеті, Жамбыл су - мелиоративті құрылыс институты, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты кітапханаларының бірігуімен   Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасы құрылып, 1998 – 2009 жылдар аралығында Фарида Мұқсынқызы Мырзаханова басқарды.
1998 жылы Ғылыми кітапхана Сорос-Қазақстан қорының бірінші грант иегері, Қазақстан Республикасы кітапханалары Қауымдастығының мүшесі. Фарида Мұқсынқызы «Кітапханалардағы тиімді өзгерістерге арналған жобаларды басқару» атты халықаралық семинар-тренингте жеңімпаз деп танылып, Республикалық кітапхана қызметкерлері II съезіне Жамбыл облысының кітаханашыларының  делегаты болып қатысты.
1999 жылы кітапханалық - библиографиялық үрдістерді автоматтандыруды «Кітапхана 4.02» бағдарламасы бойынша бастап, кітап қорына ретроконверсия жұмысын жүргізуді қолға алды. Осы жылы «Британ Кеңесінен» грант жеңіп алынып, экономика, құқық саласы  және ағылшын тіліндегі көркем әдебиеттер алынып, кітап қорына мыңға жуық әдебиет қосылды. Кітапхананың кітап қорынан ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында басылып шыққан құнды басылымдар  энциклопедиялар, сөздіктер мен анықтамалар және сирек кездесетін басылымдар жинақталған кітап қоры ұйымдастырылды. «Кітапхананы бүгінгі күнге орай жабдықтау және әрлендіру» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
2000 жылы кітапхана Интернет желісіне қосылып,  Қазақстан Республикасы жоғары білім орда кітапханалары Қауымдастығының мүшесі болды. Осы жылы  профессор, мемлекеттік сыйлық иегері «Абайтанушы» ғалым  Мекемтас Мырзахметұлының 5305 дана жеке кітапхана қорынан, филология факультетінің жанынан «М.Мырзахметұлы кітапханасы» ашылды. Оқырмандардың сұранысы бойынша №3 жатаққанадан  36 орындық  түнгі оқу залы ашылып, жұмыс істей бастады. «Шығармашылық ой-пікірлер жәрмеңкесі» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
2000-2003 жылдар аралығында кітапхана Сорос-Қазақстан қайырымдылық қорының «Ашық ұйым» институтының «Пушкин кітапханасы» мегажобасының жеңімпазы атанып, кітап қоры - 3550 данаға толықтырылды. Оқырмандармен тәрбиелік  іс-шаралар жүргізу мақсатында  «Ой толқын» және «Дидар» оқырман отаулары құрылып, студенттермен көпшілік  жұмыстар жүргізіле басталды.
2001 жылы 10 орындық электронды оқу залы ашылып, оқырмандардың электронды тасымалдағыштағы кітап қорын пайдалануына және жедел ақпарат алуына мүмкіндік берілді. «Қазіргі кезеңдегі кітапханалардың дамуы: жаңа технологиялар мен жаңа түрлері» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
2002 жылы Ғылыми кітапхана ұжымы «Әйел басқаратын ең үздік ұжым» атты республикалық конкурстың жеңімпазы болды. Осы жылыжас қыздарға әлеуметтік жаңа бейне қалыптастыру, елге танымал белсенді, іскер аруларымызбен кездестіру, сұхбаттастыру мақсатында «Сезім» қыздар отауы ұйымдастырылды. «2002 жыл бастамалары» атты облыстық кітапханашылар семинар-тренингі өткізілді.Үйлестіруші-әдістемелік орталығының веб-сайты ашылды.
2002-2003 жылдар аралығында Жамбыл облысында бірінші болып «Ақпараттық ресурстар Ғылыми кітапхана қорын толықтырудың тиімді көзі» атты жоба жасалынып, халықаралық «Еуразия» қорынан грант жеңіп алынды. Кітапхана жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталып, құқық және экономика саласы бойынша 3000-ға жуық оқулықтармен толықтырылды.
2003 жылы кітапханалық-библиографиялық үрдістерге жаңа ақпараттық технологияны ендіру, жетілдіру және ақпараттандыру мақсатында Библиография және электронды ресурстар орталығы құрылды. Осы жылы Ф.М.Мырзаханова АҚШ Мемлекеттік Департаментінің білім және мәдениет бағдарламасы Бюросы ұйымдастырған үш апталық «Кітапханалар менеджменті» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штатындағы көпшілік және университет кітапханалары, ақпарат орталықтарының қызметімен танысты.  «Кітапханалық-ақпараттық қызметтің жағдайы және жетілдіру жолдары» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
2004 жылы «Жаңа уақыт - жаңа мүмкіндіктер: жоо кітапханаларындағы ғылыми және әлеуметтік зерттеулердің оқырмандарға қызмет көрсетудегі көмегі» тақырыбында кітапханашылардың республикалық семинары болып, оған еліміздегі 55 мемлекеттік ЖОО кітапханалары директорлары мен бас мамандары қатысты. Кітапхана директоры Ф.М. Мырзаханова Судак қаласында өткен ХІ Халықаралық «Крым-2004» конференциясына қатысып, онда «Жоғары оқу орындары кітапханаларында ақпараттық ресурстардың пайдалануы және оның даму болашағы» тақырыбында баяндама жасады. «Кітапханалар және қазіргі заман ақпараттарына мүмкіндік» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің 09.06.2004 жылғы №529 «Жоғары оқу орындары оқулықтарына сапалы түгендеу өткізу туралы» бұйрығын орындау мақсатында  Ғылыми кітапхана ұжымы оқулықтар қорының сапалы толықтырылуын айқындау үшін түгендеу жұмысын өткізді.  Университеттің Индиана университетімен (Блумингтон)  ұзақ мерзімді жобасы негізінде  Ғылыми кітапхана   Сабре қорынан ағылшын тілінде 7671 дана, бағасы 363 664 $ тұратын әдебиеттер мен электронды тасымалдағыш / CD-ROM, W/CD/ құжаттар, Сорос қоры қаржылайтын Гете институтынан неміс тілінде оқу-әдістемелік әдебиеттер алынды. Осы әдебиеттермен оқырманға пайдалану мүмкіндік беру мақсатында 20 орындық шетел әдебиеттер оқу залы ашылды. 2004-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында білімнің 15 саласы бойынша әлемдік ғылыми ой-сананың мәдениет пен әдебиеттің таңдаулы 11142 дана шығармалармен кітап қоры толықтырылды.
2005 жылы Университеттің Халықаралық ИСО 9000-2001 сапа менеджментінің жүйесіне (СМЖ) көшуіне байланысты  қаңтар айынан бастап Ғылыми кітапхананың барлық құжаттары, атап айтқанда, Ғылыми кітапхананың Қағидасы, пайдалану ережесі,  бөлімдердің құжаттары осы жүйеге сай қайта өңделіп, бекітілді. СМЖ талаптары бойынша бірінші рет «Жұмыс нұсқаулары» мен «Үрдіс схемалары» жасалынды. «Кітап қорын толықтыруда ақпараттық қамтамасыз ету» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
2006 жылы Ф.М. Мырзаханова Сеул қаласында өткен ИФЛА-ның «Кітапхана: Әлемдік қауымдастықтың дамуының білім қозғаушы күші» атты Дүниежүзілік кітапханашылар мен ақпарат қызметкерлерінің 72-ші Конгресіне   қатысты. «Кітапхананың ақпараттық-кітапханалық қызметінің дәстүрлі және жаңа түрлері» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді.
2007 жылы Ғылыми кітапхананың 2007-2010 жылдарға арналған даму Концепциясы жасалынды. Қазақстан Республикасы  Мәдениет және ақпарат министрлігі,  Ұлттық академиялық кітапханасы және Кітапханашылар Ассоциациясы бірлесіп елімізде алғашқы рет «Бір ел – бір кітап» акциясын жариялауынан кейін жалпы ұлт болып оқуға Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» таңдалуына байланысты университеттің Ғылыми кітапханасында өткен акцияға  5000-ға жуық  оқырман қатысты. «Кітапхана қызметінің әдістемелік қамтамасыз етілуі» атты облыстық форум өтті.
2008 жылы Кітапхана директоры Ф.М.Мырзаханова Канаданың Квебек қаласында өткен ИФЛА-ның «Шексіз кітапханалар: жаһандық бірігу бағыттары бойынша жетілдіру» атты 74-ші  халықаралық конгресіне  қатысты.  Елімізде екінші рет өткізілген «Бір ел – бір кітап» акциясына  жалпы оқуға Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесі таңдалып алынуына байланысты оқырман конференциялары өткізілді.  Университеттің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында кітапхана ұжымы кітап қорына жүргізілген ретроконверсия жұмысын аяқтады. Ғылыми кітапхананың 50 жылдық мерейтойына орай «Кітапхана – білімнің биік белесі: М.Х.Дулати атындағы ТарМУ Ғылыми кітапханасы» атты кітап, фильм шығарылды.Үйлестіруші-әдістемелік орталыққа - 10 жыл толуына орай «Жоғары оқу орны кітапханалары: жетістіктері мен жаңа мүмкіндіктері» атты облыстық кітапханашылар семинары өткізілді, аталған семинардың материалдары шығарылды.
2009 жылы кітапхана директоры Ф.М.Мырзаханова Италияның Милан қаласында өткен ИФЛА-ның  «Кітапханалар - білімге қол жеткізудегі қозғаушы күш» атты 75-ші халықаралық конгресіне қатысты. «Кітапханадағы ақпараттық-библиографиялық жұмыс» атты аймақтық кітапханашылар семинары өткізілді. «Кітапхана 4.02» бағдарламасынан «Kazakh Soft» компаниясы жобалаған  «КАБИС» (Қазақтың автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесі) бағдарламасына көшті. Кітапхана қорындағы кітаптар мен өзге де құжаттарға тапсырыс беру, оны жылдам іздестіруді жүзеге асыру http://ecat.tarsu.kz электрондық каталогы арқылы орындалады. Жаңа түскен кітаптарға штрихкод қойыла бастады.  «Бір ел - бір кітап» ақциясына  «Сезім» отауы Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырларына арналған поэзиялық кеш, «Батыр Баян» атты патриоттық поэмасы бойынша оқырмандар конференциясын өткізді. «Ой толқын» отауы  «Мен жастарға сенемін» атты мәнерлеп оқудан байқау ұйымдастырды. Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар институтында  оқу залы ашылды.
2010 жылдың 5 ақпанынан бастап, кітапхана директоры Ф.М.Мырзаханованың құрметті демалысқа шығуына байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Үйлестіруші-әдістемелік орталығының  (Ғылыми кітапхана) директоры қызметіне Гүлжан Жеңісбекқызы Иржанова тағайындалды.
Тамыз айында Ғылыми кітапхана директоры Г.Ж.Иржанова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жоғарғы оқу орны кітапханаларына арналған «Жоғарғы оқу орны кітапханалары электронды ақпараттық ортада» атты республикалық семинарына қатысып, «Жоғарғы оқу орны кітапханаларының инновациялық қызметіне жаңа көзқарас» тақырыбында  баяндама жасады. Кітапханашылардың кәсіптік біліктілігін жетілдіру мақсатында «Кітапханалар-электронды-ақпараттық ортада» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік семинары болды. Төртінші рет өткізіліп жатқан  «Бір ел- бір кітап» ақциясына Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» атты патриоттық  поэмасын жатқа айтудан  байқау, «Шеті мен шегі жоқ арман әлеміне мен мәңгілікке келдім» атты  ақынға арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының    Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерей тойына орай, кітапхананың «Ой толқын» клубы мен университеттің тәрбие бөлімі бірлесе отырып,  «Біртуар Бауыржан Момышұлы» атты шығармашылық кездесу кешін  өткізді.  Бұл кешке «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері: ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметұлы, М. Кәтімхан, «Знамя труда» газетінің бас редакторының орынбасары, Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл, «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасының орынбасары О. Қ. Есіркепов қатысты. Қазақстанның жоғары оқу орындарының электронды ресурстарын біртұтас ақпараттық жүйеге біріктіретін www.rmeb.kz Республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапханасының (РМЭБ) деректер қорына  және www.kazneb.kzҚазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы (ҚазҰЭК) қорын пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді.
2011 жылы Ғылыми кітапхана  Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігінің жастар саясаты Департаменті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстандық мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Үздік кітапхана - 2011» конкурсына қатысып, жоғарғы оқу орындарының кітапханалары арасынан IV орынға ие болды. ҚР Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай  «Кітапханалардың біртұтас ақпараттық кеңістігіндегі бірлескен өзара әрекеттесуі» тақырыбындағы аймақтық оқу орындарының кітапхана мамандарына ғылыми-тәжірибелік семинары өткізілді.Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының  Ғылыми кітапханасымен келісімшарт жасалып, бірлескен мақалалардың электронды жиынтық каталогын жүргізу жұмыстары ұйымдастырылды. Бесінші  рет  өткізілген «Бір ел – бір кітап» акциясына  жалпы оқуға  қазақ әдебиетінің  көрнекті жазушысы  Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы таңдалып алынуына байланысты оқырман конференциясы өткізілді. «Кабис» бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін жетік игеру мақсатында «Электронды каталогтың пәндік айдарының» жұмыс нұсқауы (орыс тілінде)  әзірленді.     Гидро кешенінде орналасқан «Ғылым орталығында» жаңа оқу залдары ашылды,  жатақханада  түнгі оқу залы ашылды.
2012 жылы «Кабис» бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін жетік игеру мақсатында «КАБИС- оқырман картотекасы»  модулі бойынша оқырмандардың базасы құрыла бастады. Ғылыми кітапхана «Ғылыми-техникалық ақпаратты ұлттық орталық» АҚ келісім-шарт жасалып,Springerlink, The Web of Knowledge (Thomson Reuters), Elsevier интерактивті дереккөздерін пайдалануға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар «Қазақстан патенттері. Өнертабыстар. Библиография» -   ақпараттық іздеу жүйесінің толық мәтінді дереккөзіне мүмкіндік алды. Кітапхана сайтында аталған деректер көзінің баннерлері қойылды. Республикамызда 6-шы рет өтікізілген «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушы-драматург, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі бойынша оқырман конференциясы өтті. Кітапхана күніне орай  Үйлестіруші-әдістемелік орталығы аймақтық оқу орындарының кітапхана мамандарына «Кітапханашының кәсіби құзыреттілік мектебі» атты семинар-жаттықтыру сабағын өткізді. «Кабис» бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін жетік игеру мақсатында «КАБИС» бағдарламасы бойынша жұмыс нұсқауы (орыс тілінде) әзірленді. Кітапхана директоры Г.Ж.Иржанова ҚР ЖОО кітапханаларының қауымдастығының төрайымы болып тағайындалды, «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны   «ҚР ЖОО кітапханаларының қауымдастығына» мүше ретінде  енуге келісім жасалынды. Кітапхана сайтында «Кітап хит-парады» және «Оқып шығуға кеңес береміз» айдарлары қосылды. 1 курс студенттеріне  арналған «Анықтамалық» деп аталатын жолсілтемеде кітапхана туралы толық ақпарат әзірленді. Кітапхана ісіне өз үлестерін қосып, абыройлы еңбек еткен ұжымның құрметті ардагерлерін атап өту қажет. Олар: Фарида Мұқсынқызы Мырзаханова, Дариға Сарсенқызы Сарсенова, Жеміс Баръянқызы Тұрсынова, Тамара Васильевна Гнатенко, Бүбосын Алтынбайқызы Даркембаева, Ханымкүл Төлегенқызы Бесінбай, Батен Қалиқызы Мырзабаева, Тұмаркүл Мизамбайқызы Серикпаева, Мира Владимировна Ли, Айсулу Арыстанбекқызы Абишева.
2013 жылы «КАБИС» бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін жетік игеру  және электронды тасымалдағыштағы оқулық, оқу-әдістемелік  және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілуі мақсатында университет ішінде «Кабис» бағдарламасында толық мәтінді электронды оқулықтары бар «Электронды ресурстар»   деп аталатын электронды каталог құрылды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының (ТАРМПИ) Ғылыми кітапханасы мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің (ТИГУ) Ақпараттық  кітапханалық орталығымен  келісімшарт жасалып, бірлескен мақалалардың электронды жиынтық каталогын жүргізу жұмыстары ұйымдастырылды, бұл On-line режимде библиографиялық мақалаларды ай сайын  экспорттау, импорттау үрдісі. Университеттің гидрокешенінде орналасқан №3 абонемент пен №5 оқу залында күрделі жөндеу және оларды  қайта құру жұмыстары өтіп, жаңа үлгідегі кітапханалық жиһаздармен жабдықталды. Университеттің құрылымын оңтайландыру, оқытушы-профессор құрамының потенциалын тиімді пайдалану мақсатында, сонымен қатар «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 2011-2020ж.ж. арналған даму стратегиясын» іске асырудың оперативтік жоспарын орындау мақсатында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректорының 2013 жылдың 24 тамызындағы №286 бұйрығына сәйкес М.Х.Дулати атындағы ТарМУ Үйлестіруші-әдістемелік орталығы  Кітапханалық-ақпараттық орталық  болып өзгерді, құжаттары  жаңартылды, сонымен қатар «Кітапханалық-ақпараттық орталық (ғылыми кітапхана) мамандарының қызметін бағалаудағы  рейтингілік жүйесі туралы Ережесі» мен «Кітапханалық-ақпараттық орталығының (ҒК) кітапхана үрдістерін нормалау үлгілері» туралы жұмыс нұсқауы енгізілді. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағын оқуға байланысты көптеген іс-шаралармен қатар ақынның жырларын  жатқа оқудан байқау ұйымдастырылды.
17-19 қыркүйек күндері Тараз қаласында «Кітапханалар астанасы - 2013» аясында «Жаңа қоғам кітапханаларындағы инновациялар» тақырыбында республикалық конференция өтті. Конференцияның ЖОО кітапханаларына арналған «Жоғары оқу орнындағы инновациялық-кітапханалық қызмет: бүгінгі жағдайы және жаңа мүмкіндіктері» атты секциясы ҚР Білім және Ғылым министрлігі мен Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының жоспары бойынша М.Х.Дулати атындағы ТарМУ   негізінде болды. Конференцияға кітапхана ісіндегі тәжірибелерімен бөлісу мақсатында республикамыздың барлық ведомстволық кітапханалары мен Ресей, Польша, Түркия, Белоруссия, Литвадан келген   шетелдік қонақтар қатысты. Аталған ауқымды  іс-шара М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» өтті, оған  Қазақстанның 160-тан аса ұлттық, облыстық, жоғары оқу орны кітапханалары келді.
14 қазанда М.Х.Дулати атындағы ТарМУ гидрокешенінде орналасқан Кітапханалық-ақпараттық орталықтың №5 оқу залында Қазақстандағы кітапханашылар мерекесіне орай, жыл сайынғы дәстүр бойынша «Университет кітапханасының жаңа форматы: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында КІТАПХАНА КҮНІ өткізді.Аталған іс-шараға М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры,  п.ғ.д., профессор М.Сарыбеков,  бірінші проректор, т.ғ.д. профессор А.Абдуалы, әкімшілік-шаруашылық мәселелер жөніндегі проректор С.Мұсаев және әр факультет декандары, кафедра ақпаратшылары мен  Жамбыл облысы жоғарғы оқу орны кітапханаларының директорлары мен мамандары қатысты.
Қазіргі таңда Кітапханалық-ақпараттық орталықта  20 жылдан астам жұмыс атқарып жүрген, жас кітапханашыларға ұстаз, ұжымның мақтаныштары – Гүлжан Жеңісбекқызы Иржанова, Зинаш Тоқтамысқызы Бадырова, Балқия Тұрсынәліқызы Маткулова, Ләйлікүл Жанғазықызы Ибрагимова, Тәттігүл Қожатайқызы Сарсембаева, Рахия Айжарыққызы Көпбаева, Алтын Сопбекқызы Бекбосынова, Ұлтай Амангелдіқызы Есенбаева, Разия Баубекқызы Жолтаева, Зауре Ертайқызы Искаирова, Гүлмира Есенгелдіқызы Қуандыкова  және т.б.